bg
Жаңалықтар
17.05.2018

2018 жылғы 17 мамырда Астанада АЭФ2018 Global Challenges Summit ашылды.

Ашушы пленарлық отырыс жұмысына қатысты:
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
— Митио Каку — физик, ішектер теориясы авторларының бірі, теориялық физиканы және ғалам құрылымы туралы заманауи тұжырымдамаларды дәріптеуші
— Эндрю Макафи — «Цифрлық экономика жөніндегі бастамалар» тең құрылтайшысы және тең директоры, MIT Sloan School of Management
— Стив Возняк — американдық өнертапқыш, инженер және программист, Apple Computer компаниясының тең құрылтайшысы
— Пан Ги Мун — Біріккен Ұлттар Ұйымының 8-ші Бас хатшысы, Баосс форумының төрағасы
— Франсуа Олланд — француз саясаткері, Францияның бұрынғы Президенті (2012-2017)
— Джим О’Нил — британдық қаржыгер, Chatham House төрағасы, Goldman Sachs бұрынғы бас экономисі
— Цзинь Лицюнь – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті
Аркадий Волож — ресейлік кәсіпкер, инвестор, ғалым, филантроп, Яндекс компаниялар тобының иесі және бас директоры.
Пленарлық отырыс қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
— Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
Мемлекет басшысы экономиканың жаңа цифрлық моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты.
— Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлық инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлық сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға Қазақстанда «жасыл» экономиканы жүйелі түрде дамытудың негізіне айналған «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қалай өткені жөнінде әңгімеледі.
Мемлекет басшысы жер шары тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі екеніне және ауыз су тапшылығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.
— Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр , — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда агломерацияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу барысында өтетін Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы туралы айтты.
Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трансформациялану мәселесіне тоқталып, креативті ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын реформалау жөнінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды.
— Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу гранттарының саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.
– Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.

ПОДЕЛИТЬСЯ:
Жаңалықтар
24.04.2018
Дүниежүзілік банк (The World Bank) — АЭФ: Global Challenges Summit 2018 форумының ұйымдастырушы серіктесі
Дүниежүзілік банк (The World Bank) — АҚШ-та 1945 жылы дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмек көрсету мақсатында құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Дүниежүзілік банк мүшелері — 188 мемлекет.
08.05.2018
АЭФ 2018 Global Challenges Summit аясында Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының студенттері үшін ғылыми фестиваль өтеді
АЭФ 2018 Global Challenges Summit Фестивалі – әлемдік сарапшылар қауымы мен студент жастар үшін интеграцияланған дәріс алаңы. Оның негізгі міндеті - студенттерге ғаламның маңызды технологиялық серпіндері мен олармен байланысты жаңа сын-тегеуіріндер туралы айтып беру.
13.04.2018
Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы жарияланды
Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы жарияланды, ол Астаналық экономикалық форум дамуында жаңа сатыға айналады.
ЖАЗЫЛУДЫ РЕСІМДЕУ
Мұнда сіз жаңалықтар таратуына жазылуыңызға болады, бұл үшін сізге электронды мекен-жайыңызды қалдыру қажет.
           Қате пайда болды, кейінірек қайталап көріңіз.         
        
           Сізге растау хаты жіберілді.